Күршімдіктер үшін қазан айы қайырымдылыққа толы ай болып өтпек. Отыз күн ішінде аудан көлемінде түрлі игі шаралар рет-ретімен жоспарланған. Әр ауылдық округ өзінше бағдарлама дайындап, тұрғындарын қуантуда. Айтулы шараның бірі Сарыөлең ауылдық округінде болды.
Сарыөлең ауылдық округіне Сарыөлең, Барақ батыр, Бірлік ауылдары жатса да, бірін-бірінен ажыратып алуға келмейді. Берекесі мен бірлігі жарасқан біртұтас ауылдай. «Қайырымдылық айы» аясында округ орталығында қарияларға құрмет көрсетілді. Ауыл жастары ақ дастархан жайып, әннен шашу шашты.
Жалпы, округке қарасты үш ауылда 1645 адам тұрады. 268 зейнеткер бар. Қарттарын құрметтеп қана қоймай, әлеуметтік жағынан да қолдап отырады.
Жас ұрпақ үшін қариялар – құт-береке. Егде тартқан әр адамды сыйлап, алдын кеспейді. Батасын алып, бар пейілімен құрмет көрсетеді, дейді ризашылығын білдірген зейнеткерлер.