Өскемендегі жетекші жоғары оқу орындарының бірінде Республика күніне орай "Берел" мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының көрмесі ашылды. Экспозицияда облыс аумағында табылған бірегей археологиялық жәдігерлер ұсынылған.

"Берел-Қарақаба" көрмесіне біздің дәуірімізге дейінгі III-IV ғасырға жататын 100-ден аса жәдігерлер қойылған. Білім ошағындағы студенттерге музей қорық қызметкері Азат Мұхтарханов әр экспонаттың сырын түсіндіріп, толық мәлімет берді.

Мұндай көшпелі көрмелер - университет оқытушылары мен студенттер үшін өте пайдалы, әрі құнды ақпарат алуға мүмкіндік. Себебі тарих мамандығы бойынша оқитын студенттер, жаз айларында археологиялық зерттеу жұмыстарына қатысады.

Студенттер көрмені өз көзімен көріп, жәдігерлерге ерекше қызығушылық танытты.

Ұйымдастырушылар мұндай көрмелер студенттердің археология мен тарихқа деген қызығушылығын арттырып, мәдени мұраны тереңірек түсінуге, зерттеуге және ғылыми экспедицияларға қатысуға ынталандырады дейді.