Зайсан ауданы Ұлттық мереке - Республика күнін кең көлемде атап өтті. Мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға жиналған халықтың қарасы қалың. Салтанатты шара барысында Зайсан ауданының дамуына үлес қосқан азаматтарға әкім атынан алғыс хаттар табысталды. Марапатқа ие болғандардың ішінде ұстаздар, кәсіпорын жұмысшылары, мемлекеттік қызметкерлер бар. Олардың барлығы ұзақ жылдар бойы елдің игілігі үшін еңбек еткен жандар.
Республика күні – бұл күн қазақ халқы үшін өте қастерлі күн. 1990 жылдың 25 қазаны күні Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің шешімімен "Қаз ССР-нің мемлекеттік егемендігі туралы" декларация қабылданды. Сол сәттен бастап егеменді Қазақстан еңсесі биік, терезесі тең жеке мемлекет ретінде таныла бастады. Қабылданған декларация Қазақстанның болашақ тәуелсіздігінің іргетасы саналды. Атаулы күнге орай Зайсан ауданында салтанатты шара ұйымдастырылды. Мерекелік концерт шымылдығы ел рухын көтерер әнұранмен түрілді. Ал аудан әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы жиналған қауымды Ұлттық мерекемен құттықтады.
Бұл күн халқымыздың бірлігін бекемдейтін, ынтымағымызды арттыратын мереке. Зайсан ауданының дамуы мен өркендеуіне елеулі үлес қосқан жандарға алғыс хат табысталды, құрметті азамат атағы да берілді.
Бұл күн елдің егемендігі жолындағы тұңғыш қадам жасалған күн болғандықтан да Ұлттық мерекелер тізімін бастап тұр. Яғни Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы.