Қасым Қайсенов кентінде ауылдағы мектеп оқушыларына арналған «IQanat» олимпиадасының бірінші кезеңі өтті. Жетінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отырған білім сайысына екі мыңға жуық жас өрен қатысуға ниет білдірген. Сайысқа қатысушылар төрт бағыт бойынша бақ сынайды.

Дәстүрлі «IQanat» олимпиадасына қатысуға облыстағы 1814 оқушы ниет білдірген. Оның 360 Ұлан ауданынан. IQanat – ауыл балаларын қолдауға бағытталған әлеуметтік-білім беру жобасы. Мақсат – пәндік олимпиадалар өткізу арқылы ауыл мектептеріндегі қабілетті, дарынды оқушыларды анықтап, қолдау көрсету. Олардың шығармашылық, танымдық, зияткерлік бастамаларын жандандыру, пәндерге деген қызығушылықтарын арттыру, дейді ұйымдастырушылар

Іріктеу кезеңінен өтпеген оқушыларға «IQanat» жобасының өкілдері қолдау көрсетуге әзір. Жоба тарапынан қолдау тапқандардың бірі - Аниса Айтуғанова. Ол 2021 жылы өткен олимпиаданың қатысушысы.

Алғашқы кезеңнен сүрінбей өткен оқушылар екінші кезеңге жолдама алды. Ал екінші кезеңде үздік деп танылғандар республикалық слетке қатысады. Олимпиада жеңімпаздары «IQanat High School of Burabay» грантының иегері атанады.

 «IQanat» бағдарламасы бойынша білім алған балалар отандық және шет елдегі үздік ЖОО білім алуға мүмкіндік алады. Қазіргі уақытта жоба түлектері әлемнің 17 елінде білім алуда.

Болашақта бұл балалар елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосарына сенімдіміз, дейді шараны ұйымдастырушылар.