Дәстүрлі садақ атудан әлем чемпионы Ажар Төлеуқанованы туған-туыстары мен жанкүйерлері қарсы алды. Жақында Шымкент қаласында әйелдер арасында дәстүрлі садақ атудан «Dala mergeni» атты халықаралық сайыс өткен болатын. Байрақты бәсекеде шығысқазақстандық спортшы әлемдік доданың жеңімпазы атанды.

Халықаралық жарыста шығысқазақстандық мерген 60 метрден «Пута» нысанасын атудан бақ сынаған болатын. Тартысты өткен бәскенің шешуші кезеңінде Ажар Төлеуқанова Қырғызстан мен Ресейден келген қарсыластарынан басым түсіп, алғашқы алтын медальды қанжығасына байлады.

Ал Ажар Төлеуқанованың қайын атасы Бақытбек Қабдоллаев әлем біріншілігінде бірге болып секунданттың рөлін атқарып қайтқан. Ол мықтылар жиналған сайыста жеңіпаз атану оңайға түспегенін айтады.

Ажар Төлеуқанова биыл Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарынада қатысып, күміс жүлде еншілеп қайтқан.

Ажар Төлеуқанова бұл жеңіспен тоқтап қалмақ емес. Болашақта дәстүрлі садақ ату сайыстарын ұйымдастырып, шығыс өңірін мергендердің отанына айналдыруды көздеп отыр.