Шығыс Қазақстан спортшылары күрес түрлерінен елімізде жоғары бәсекелестік танытады. Аймақ балуандары берісі республикалық, арысы Азия, Әлем чемпионаттарында тіпті Олимпиада төрінде бақ сынап жүр. Әсіресе, ерлер құрамасы жоғары тұғырдан жиі көрінеді. Ал, әйелдер күресі өңірде кенжелеп қалғанмен бұл бағытты дамыту ісі жақсы қолға алынды. Облыстың бапкерлері, федерацияның мықты мамандары жақсы шәкірттер баптап, бірлесе ел құрамасын белді балуандармен толықтыру жолында күш салуда.

Олимп шыңын бағындыратын спортшылар өңірлерден шығады. Облыста әйелдер күресін дамыту ісі жақсылап жолға қойылды. ШҚО Спорт басқармасы және Грек-рим, еркін күрес және әйелдер күресі федерациясының қолдауымен Самар ауылында қыздар арасындағы облыстық іріктеу сыны өтті. Шараға мұрындық болған Самар аудандық ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі мен Жасөспірімдер спорт мектебі.

Әйелдер күресі олимпиада ойындарына енген спорт түрі. Сондықтан, жергілікті деңгейде қыздар күресін дамытуға күш салынып жатыр. Облыстық іріктеу жарысының ауданда өтуі де бекер емес. Алдымен, жергілікті жауапты мамандардың танытқан белсенділігі болса, екінші жағынан маңызды турнирлерді облыс орталығында емес, аудандарда өткізіп, осы спорт түріне көптің назарын аударту ойластырылған. Дәстүрге сай жарыстың салтанатты рәсімінде бірнеше спортшыға «Спорт шеберлігіне үміткер» куәліктері табысталды. Бұл спортшы үшін бұдан да биікке ұмтылуға әсер етсе, басқалары үшін үлгі.Айдана Мүтәнқызы көп тер төгіп сол атаққа бүгін қол жеткізді. Дегенмен, ол мұнымен тоқтар емес.

Еңбегі ақталған спортшының қатарында Мәдинә Нұрланбекқызы да бар. Болашақ Олимпиада чемпионы боламын деген жасөспірімнің бабы жақсы. Тек биіктерді көздеймін, дейді.

Кілем үстінде Өскемен, Риддер қалаларының, Глубокое, Зайсан, Күршім, Алтай, Ұлан, Тарбағатай, Самар және Шемонаиха аудандарының күрес шеберлері өзара белдесті. Аймақтық іріктеу болғандықтан, қатысушылар аянып қалған жоқ. Себебі, осы сайыстағы жеңіс ары қарай республикаға жолдама сыйлайды.

Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Мұны қатысушылар да, келген қонақтар да атап өтті.

Әр белдесу қызу бәсекеде болды. Спортшылардың денсаулық жағдайына да көп көңіл бөлінген.

Жергілікті деңгейде спортты дамыту үлкен жетістіктерге әкеледі. Осындай турнирлердің мақсаты сол – ұлттық құраманы өңірлерден шыққан ең үздіктермен жасақтау.