Аймақта «Жол жылы» басталғалы өңірге қарасты аудан, ауылдарда талайдан бері тұрғындарды әбігерге салған ойлы-шұңқырлы жолдар ретке келтіріліп жатыр. Мәселен, Зайсан ауданында биыл күре жолды ретке келтіру үшін 1,2 млрд.теңгенің қаражаты бөлінген.

Зайсанда жол жөндеу жұмыстары қызып тұр. Аудан орталығындағы негізгі көшелер ретке келтіріліп, алды аяқталуға жақын. Соңғы жылдары мұндағы ауыл халқының әлеуметтік жағдайын және елді-мекеннің инфрақұрылымын арттыру бойынша бірқатар шаралар қолға алынған. Әрине ауылды гүлдендіруге бағытталған бастамалардың барлығы жылдар бойы туған жерінің өзгеруін күткен жергілікті тұрғындарды ерекше қуантуда. Осылайша, санаулы күндерден кейін көптен күткен жол халық игілігіне берілмек.

Жол жөндеуге арналған техника жеткілікті. Соның арқасында жұмыс өнімділігі де артқан, дейді мамандар. Жергілікті кәсіпорындарда игі іске ат салысып, аудан орталығының гүлденуіне өз үлестерін қосып жатыр.

Ауданда баспанаға мұқтаж азаматтардың мәселесін ретке келтіру ісі де оңды жолға қойылған. Мәселен, биыл «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында ауылдарда 68, Зайсан қаласында 30 пәтерлі тұрғын үй салу жоспарланған. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстары Қарабұлақ ауылдарында сәтті жүргізіліп жатыр. Мұндағы тұрғын үйлерге инженерлік инфрақұрылымдар толықтай тартылып үлгерген. Ғимараттың сыртқы жұмыстары аяқталды. Ішкі сылақ жұмыстарыда соңғы сатыда. Бұл үйлер орталықтандырылған газ жүйесіне де қосылады.

Қарабұлақ ауылдық округінде 2 220-ға жуық халық бар. 136 шаруа қожалығы ел игілігі үшін қызмет етуде. Өткен жылы «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында Қарабұлақта 7 тұрғын үй салынып, баспанаға мұқтаж азаматтарға берілді. Аудан бойынша жалпы 7 мың шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4% -ға артық.