Облыста әлеуметтік қорғау саласында үш мыңнан аса адам жұмыс істейді. Оның 700 – ге жуығы - әлеуметтік қызметкер.Атаулы күнге орай облыс орталығында салтанатты шара өтті. Аймақ басшысы Ермек Көшербаев қажырлы еңбектері үшін үздіктерді марапаттады.

Қазан айының соңғы жексенбісі әлеуметтік сала қызметкерлерінің күні. Жалғызбасты қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көмек көрсететін жандардың еңбегі ұшан-теңіз.

Әлеуметтік қызметкер жаны жабырқау жандарға мейірім нұрын төгіп, болашағына деген үміт сәулесін жағады. Облыс әкімі Ермек Көшербаев сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтап, алғысын білдірді.

Үздік мамандарға Құрмет грамотасы және алғыс хаттар табысталды. Еңбегі еленіп, марапат алғандардың бірі-Гүлмайра Бекбосынова. Ол Риддер қаласындағы арнайы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында 26 жыл еңбек еткен.

Глубокое ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Маргарита Пономарева бұл салада 1996 жылдан бері қызмет етіп келеді.

Салтанатты шара облыстық филармония ұжымының концерттік бағдарламасына ұласты.