Самар ауданында әйелдер күресінен облыстық біріншілік өтті. Дүбірлі дода қол күрестен Әлем және Азия чемпионатының, еркін күрестен Қазақстан Республикасының жүлдегері, Самар ауданының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, спорт ардагері Марат Марденовтың жүлдесіне арналған. Сайысқа аймаққа қарасты қала, аудандардан 2010-2013 жылы дүниеге келген бұрымдылар қатысты.

Облыс біріншілігіне Шемонайха, Глубокое, Ұлан, Самар, Зайсан, Күршім, Тарбағатай аудандары мен Өскемен қаласынан жетпіске жуық спортшы жиналды. Олар он салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады.

Әйелдер күресі облыста қайта қолға алынғанына санаулы жылдар болса да, дамуы қарқынды. Бұл турнир оған дәлел. Додаға жиналған жас балуандар мен жанкүйерлердің қарасы қалың.

Жарысқа Марат Марденовтың туыстары мен шәкірттері келді.Ал жарыстың ашылу салтанатында құттықтау сөз сөйлеген Самар ауданының әкімі Серік Жеңісов спорт ардагеріне алғыс хат пен медаль табыстады.

Тартысты өткен белдесулердің қорытындысы бойынша командалық есепте Өскемен спортшылары өзгелерден басым түсіп жарыстың жеңімпазы атанды. Ал екінші орынға Глубокое ауданы жайғасты. Самар ауданының спортшылары үшінші орынға табан тіреді. Өзгелерден оқ бойы озып, үздік атанған 20 спортшы сәуір айында Оралда өтетін ел чемпионатына жолдама алды.