Батыс-Алтай мемлекеттік табиғи қорығының қызметкерлері Риддердегі мектептерде экологиялық шара өткізді. Мектеп оқушылары қорық қызметкерлерімен бірге Сібір шыршасын отырғызды. Шара ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бастамасымен «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында жүзеге асты.
Қоршаған ортаны қорғау бағытталған шара оқушылар арасында экомәдениетті қалыптастыруды көздейді. Игі бастамаға 60-тан астам оқушы қатысты. Акция аясында олар шырша тұқымын егу мен оны күтіп ұстау ережелерімен танысты.
Шырша өсіп шығуы үшін ерекше күтім қажет. Мамандардың айтуынша күніне бір мәрте көшет егілген ыдыстың бетін ашып, таза ауамен қамтамасыз ету керек. Артынша суарып, өскіндерді мұқият бақылап отыру маңызды. Оқушылар жағы экологиялық акцияға белсенді қатысуда.
Игі бастама Риддердегі №1 мектеп-лицейінде жалғасын тапты. Мұнда қыркүйек айында құрылған «эко» жасағы бар. Қоршаған ортаға бей-жай қарамайтын оқушылар табиғатты қорғауға үлес қосқымыз келеді дейді.
Өскіндер көшетке айналу үшін кем дегенде 10 жыл қажет. Осы уақыт аралығында шырша көшеттері керекті дәрумендерді бойына сіңіреді. Артынша олар Риддердегі орман алқаптарына отырғызылады.