Мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықбұзушылық анықталса, кінәлі азаматтарға биылдан бастап 3 000 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұл - 11 796 000 теңге. Осылайша Үкімет мемлекеттік рәміздер тек егемендік нышаны ғана емес, заңды тұрғыдан ерекше қорғалған құндылық екенін тағы бір мәрте айғақтап отыр. Дегенмен, кейбір сирек оқиғалар болмаса, азаматтар Елтаңба мен Тудың, Әнұранның қадір-қасиетін түсінеді. Бұл туралы бүгін өскеменде өткен жиында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Геральдикалық жұмыс басқармасының басшысы Гүлдана Аргенова мәлімдеді. Жиында рәміздерді қолданудағы талап-ережелер төңірегінде де сөз қозғалды.
Қазақстан Республикасының Конституциясына және «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заңына сәйкес, мемлекеттік рәміздер – еліміздің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін ерекше белгілер. Оларды құрметтеу – әр азаматтың міндеті.
Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының мұрындық болуымен өткен оқыту семинарына мемлекеттік органдар мен білім беру мекемелерінің қызметкерлері қатысты. Олар мемлекеттік рәміздерді күтіп ұстау, қолдану және насихаттау бойынша өзекті сұрақтарды талқылап, тәжірибе алмасты.
Бұдан бөлек, мемлекеттік мекемелерде Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздерін пайдалану мәселелері бойынша мониторинг жүргізілді. Тексеріс жұмыстарының нәтижесі бойынша аймақта өткен жылы Мемлекеттік рәміздерге қатысты құқықбұзушылық дерегі тіркелмеген.