Шығыс Қазақстан облысында дрон операторы, су көлігінің капитаны, және IT мен энергетиктер жетіспейді. Сондықтан биылдан бастап өңірде осы мамандар даярланады. Ол үшін техникалық коллеждер жаңа мамандықты иегруге ниетті оқушыларды мектеп қабырғасынан бастап бағыттамақ. Соңғы үш жылда аймақта дуальді білім беру жүйесімен оқып, диплом алған түлектер 100 пайыз жұмысқа орналасып жатыр.
Өңірде былтырдан бері мектеп, колледж, кәсіпорын арасында үш жақты нақты бағдар бойынша маман даярлау басталды. Мұндағы басты талап дуальді жүйемен оқыту.
Дайын маманға қашанда сұраныс бар. Дегенмен, қазір өңірде жоғарғы санаттағы дәнекерлеуші, темір ұстасы және кәсіби электр мамандары жетіспейді. Сондықтан колледждер осы кәсіп иелрін даярлауға басты бағыт береді. Ислам Кәкенов көпсалалы технологиялық колледжде дәнекерлеуші мамандыған оқып жатыр. Дипломын алған соң өз ауылына барып жеке кәсібін ашпақ.
Облыста жалпы 38 колледжде 20 мың студент білім алып жатыр.Дуальді жүйемен үздіксіз оқу үшін 20 кәсіпорынмен келісім жасалған.Қазірдің өзінде 5 мың студент оқып жүріп өз мамандығы бойынша жұмыс істейді. Бұл жалпы колледж бітіріп жұмысқа орналасқан түлектердің 87 пайызын құрайды.
Жоғары деңгейді сақтап қалу үшін әр колледжде құзыреттілік орталықтары ашылып жатыр. Ол жердегі мамандар әр студенттің сапалы білім алуын қадағап, жұмысқа орналасуына жәрдемдеседі. Ал аймақта арнайы дипломы бар жұмысшы мамандар қалаға қарағанда аудандарда өте тапшы. Сол үшін биыл Күршім мен Тарбағатай техникалық колледждер ашылмақ.