Браконьерлікке жол жоқ. Тарбағатай ауданында облыстағы балық шаруашылығы инспекторлары мен полиция қызметкерлері бірлесіп Зайсан көлінде рейд жүргізді. Мұз үстіндегі маңызды жұмыс балықты заңсыз аулауға, тасымалдау мен сатуға байланысты құқық бұзушылықтар мен экологиялық қылмыстарға тосқауыл қоюды көздейді.

Сақшылық құрған мамандар сапқа тұрып, нұсқаулық алды. Мақсат жалғыз – заңсыз балық ұстауға жол бермей, алдын алу шарасын өткізу. Жалпы, мұндай жұмыс жиі өткізіліп тұрады.

Рұқсат етілмегені осындай синтетикалық аулар. Экологияға орасан зиян келтіретін ол суда жүз жыл жатса да шірімейді. Бұл жолы мұз үстіне 16 көлікпен шыққан Бұқтырма, Күршім және Көкпекті бөлімдерінің бақылаушылары осы жағын аса назарға алды. Ауда қалған балықтардың тірісін қайта суға жібереді.

Инспекторлардың айтуынша, көл бетіндегі мұз әлі толық қата қойған жоқ. Қауіп басым. Бірақ балық аулауға асық елге бұл бөгет емес. Күннің ызғары мен қатерге қарамай инспекторлар тобы да өз қызметтерін атқарады.

Инспекция қызметкерлері балық аулау және табиғи ресурстарды қорғау ережелерін сақтаудың маңыздылығын түсіндіре отырып, жергілікті тұрғындармен профилактикалық жұмыстарды жүргізеді. Халықты синтетикалық ау қолданудың салдары туралы, сондай-ақ аймақтағы тыйымдар мен шектеулер туралы хабардар етеді.