Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Бейбітшілік пен этносаралық достықты, ынтымақтастықты нығайту басым бағыттардың бірі екені сөзсіз. Әр ұлт пен ұлыс өз мәдениеті мен әдебиетін және әдет-ғұрпын сақтап, оны дәріптеу үшін әр облыста орталықтар құрылған. Ал еліміз бойынша ең алғашқы достық үйі Өскеменде ашылды. Құрылғанына 25 жылдан асқан бұл рухани шаңырақ өзінің өміршеңдігін дәлелдеп келе жатыр.

Қазіргі таңда елде 40-тан астам достық үйі бар. Бұл нысандар этномәдени бірлестіктер бас қосатын орын ғана емес, сонымен қатар жергілікті қоғамдастықтардың дамуына жол ашып, тірек болатын, бірлік, жасампаздық, өрлеу сияқты құндылықтарды дәріптейтін орталыққа айналды.

Облыста Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығын ұйымдастыру және өткізу жоспары бекітілген. Мерекелеу сарыны көбіне ресми форматта ұйымдастырылып, этносаралық ынтымақ пен ауызбіршілікті ұйыстыруға бағытталды.

Ақпарат және мәдениет министрлігінің мәлімдеуінше, Ассамблеяның 30 жылдығын мерекелеу аясында елімізде және шетелде түрлі форматтағы 150-ден астам шара ұйымдастыру жоспарланған.