14-16 қаңтар аралығында ел аумағында «Тасымалдаушы» жедел алдын алу шарасы өтеді. Мақсат - қоғамдық көліктегі құқықтық тәртіпті нығайту, жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осыған орай өңірдегі патрульдік полиция жасақтары күшейтілген қызметке кірісті.

Балағат сөз айту, қоқыс тастау, мас күйінде көлік тізгіндеу, ұялы телефонмен сөйлесу.Бұл қоғамдық көлік жүргізушілері арасында жиі тіркелетін құқық бұзушылықтар. Тәртіп сақшылары келеңсіз жайттың алдын алу мақсатында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Көлік құралдарының жай-күйі мен техникалық байқаудан өтуі, сақтандыру шартын жасау, көлікке жүк тиеген кездегі қауіпсіздік пен қоршаған ортаға зиян тигізбеуінің маңыздылығын жүргізушілердің есіне салды.

Бұдан бөлек, полиция өкілдері такси қызметін ұсынатын азаматтарда рұқсат қағазының болмауы заңбұзушылық екенін және оған жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Бұл әрекеттер көлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен жолаушылар құқығын қорғауға бағытталған маңызды қадамдар.

Құзырлы орган өкілдері құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында «102» арнасына дереу қоңырау шалу қажеттігін ескертеді. Егер көлік жүргізушісі заң бұзса, оған 5-20 АЕК көлемінде айыппұл салынуы мүмкін.