Ауыл тұрғындарының табысын молайтып, өмір сүру сапасын арттыру мақсатында ел Үкіметі «Ауыл аманаты» жобасын қолға алған болатын. Бағдарлама 2023 жылы іске қосылды. Кәсіп ашып, нәсіп табам дегендерге 2,5% мөлшерлемемен несие беріле бастады. Несиелеу мерзімі 5 жылдан 7 жылға дейін. Алғашқы жылы 1 миллиард 535 миллион теңгеден аса қаржы бөлінді. Бұл сомаға 213 шағын несие беріліп, 235 жаңа жұмыс орындары ашылды. Ал өткен жылы 1 миллиард теңге беріліп, 72 жоба мақұлданған. Ауыл халқының әл-аухатын жақсартуға негізделген бағдарламаның шарапатын көріп, кәсіптен нәсіп тауып отырған азаматтардың қатары жыл санап артып келеді. Болашаққа жоспар айқын. Бағдарлама аясы кеңейе түссе, халық табысы артатыны анық.

Алмас Сетербаев кәсіпкер. Бірнеше саланы қатар алып, ісін дөңгелетіп отырған азамат. Ара өнімін кәдеге жаратып, өңірдің таулы аймақтарында өсетін таза табиғи әрі пайдалы шөптерден шай дайындау ісін қолға алды. Осы мақсатқа «Ауыл аманаты» бағдарламасына өтініш беріп, жеңілдетілген несие алды. Берілген қаржыға қажетті құрылғыларды сатып алды.

Бұл бағдаламаға жауапты облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы болса, ал халықтың бизнес жоспарларымен танысып, олардың өтінімдерін қабылдайтын, қаржыны үйлестіретін «Ertis» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ. Жүргізілген жүйелі жұмыс нәтижесінде ауыл халқы жұмыспен қамтылып, ауыл шаруашылығы саласы қолдау тапты. Техниканы жаңартуға мүмкіндік берілді. Өңір экономикасының дамуына жаңа қадамдар жасалды.

Көптің ісін ашуға, оны одан әрі дамытуға мүмкіндік берген бағдарламаға жауаптылар өткен жыл соңында қосымша тағыда 1,5 миллиард қаржы бөлінгендігін айтты.

Әрине, жобаларды іріктеп, олардың арасынан үздіктерін анықтау мамандар үшін өте қиын. Себебі, әр жобаның нарық сұранысына, бағдарлама талаптарына сай болуы маңызды. Көпке үміт, еңбек етем дегендерге жаңа бастамаларды қолға алуға мүмкіндік берген мемлекеттік бағдарлама игілігін көретіндердің қатары алдағы уақытта арта түсері анық.