«Менің шағын Отаным» атты VII республикалық интеллектуалдық байқау өз мәресіне жетті. 9-10 сынып оқушыларына арналған жас тарихшылардың конкурсы облыс орталығында өткізілді. Шығысқа келген өрендер елдің түкпір-түкпірінен жиналды. Ауқымды шараны ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы ұйымдастырды.
Сайысқа қатысушылар дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-гимназиясында үш күн бойы білім додасында бақтарын сынады. Байқау барысында туған жер тарихына қызығушылық танытатын оқушылар мен шығармашылыққа жақын таланттар анықталды. Үздіктер жиналған шараға облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева мен С.Аманжолов атындағы ШҚУ ректоры Мұхтар Төлеген қатысты. Оқытушылар құрамының айтуларынша, дәл осындай интеллектуалды байқаулар белсенді жастарды табуда, оларға білім жағынан бір мәрте қолдау білдіруге септігін тигізеді.
Тараздан ат терлетіп келген Нұрқанат Қанат тарихтан алған білімінен бөлек, сөз саптауы арқылы көптің көңілінен шықты. Ол талай жарыста бәсекелестерін бірнеше мәрте басып озған.
Байқау екі кезеңнен тұрды. Қос кезеңге ынта-шынтасымен дайындалған Өскемендік Аделя Амангельдиева үздіктер қатарынан көрінетініне сенімді.
Қатысушылардың жұмыстары білікті қазылар алқасы тарапынан бағаланды. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҚР Оқу-ағарту министрлігінің дипломдарымен, «Дарын» РҒПО-ның грамоталары және бағалы сыйлықтарымен марапатталады. Атап айтқанда, І –орынды 8 қатысушы, ІІ орынды 12, байқауға қатысушылардың жиырмасы ІII – орынды еншіледі.