Үкімет үшін күн тәртібінде ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғыртудың маңыздылығы мәселесі тұр. Себебі, бұл жұмыстың әлеуметтік мәні өте зор. Қала, ауыл деп ажыратпай барлығына бірдей жағдай жасау көзделген. Әсіресе, шалғай ауыл тұрғындарының 100 пайызын сапалы алғашқы медициналық көмекпен қамтамасыз ету тақырыбы өзекті. Бұл істі Тарбағатай ауданы мықтап қолға алды.

Ауылдық елді мекендерді жаңғырту ұлттық жобасы өз жемісін беріп келеді. Салтанатты жиын соның құрметіне орайластырылған. Асусай ауылында медициналық пункттің ашылуы өтті. Заманауи ғимарат азаматтардың қолданысына берілді. Асусай ауылы шекара шебіндегі өлке. Аудандағы ең шалғай орналасқан елді мекеннің бірі. Сондықтан, мұндай нысан ауылға ауадай қажет.

Азаматтардың әл-ауқатын арттыру жұмысы жолға қойылған. Дәрігерлік нысан соның дәлелі. Енді бұл жерде науқастар алғашқы ем-домды алады. Мұнда ауылдық фельдшер мен мектеп медбикесі және қамту қызметкері жайлы ортада қызмет етеді.

Ұлттық жоба аясында екі жылда аудан көлемінде осындай 9 медициналық нысан бой көтерген. Соның бірі осы Асусайдағы ғимарат. Енді Жамбыл, Байтоғас ауылдарында жаңа медициналық пункттің ашылуы күтілуде.

Елді мекен тұрғындары қолжетімді медицина дегенді сезіне алады. Көптің тілегі орындалып, бой көтерген ғимарат зор қуаныш.

Ашылу салтанатына ауыл халқы жиналды. Көңілдері көтеріңкі, шат.

Жалпы, медициналық нысан санын арттыру Тарбағатай ауданында ғана емес, облыс бойынша қолға алынған шаруа. Жер-жерде жаңа ғимараттар бой көтеріп, қызмет етіп тұрғандары жаңартылып жатыр.

Аудандағы айтулы жаңалықтың бірі жуық уақытқа жоспарланып отыр. Орталықтандырылған медициналық қызмет көрсету мақсатында орталыққа компьютерлік томограф аппараты орнатылады. Асусай ауылындағы игі іс те мұнымен тоқтамайды. Келесі жылы елді мекенде ауыз су мәселесі шешімін таппақ.