«Қызғылт қазан айы» – сүт безі обыры туралы халықтың ақпараттануын арттыруға арналған халықаралық айлық. облыстық онкология және хирургия көпсалалы орталығының мамандары ай бойы бұл ауыр сырқат туралы түсіндіріп, түрлі шаралар өткізді. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте орталық директоры Гүлмира Сагидуллина атқарылған шаралар туралы баяндады.
Шығыс Қазақстан облысында биыл 9 айда 214 жаңа сүт безі қатерлі ісігі тіркелген. Бұл дерт өткен жылы 100 мың тұрғынға шаққанда 31,4%-ды көрсетсе, биыл 29,2%-ға төмендеген. Скрининг нәтижесінде сүт безі қатерлі ісігін ерте кезеңде анықтау мүмкіндігі артты.
Бас онкологтың айтуынша, қатерлі ісік алғашқы сатыда білінбей өтуі мүмкін.Сондықтан 30 жастан асқан қыз-келіншектер денсаулығына ерекше назар аударып, жылына бір мәрте сүт безінің ультрадыбыстық зерттеуінен өтуі керек. Ал 40 жастан асқан әйелдер маммографияға екі жылда бір рет бара алады.
Соңғы жылдары өңірдегі көпсалалы онкология және хирургия орталығы маммология саласындағы реконструктивті-пластикалық хирургияны белсенді түрде дамытуда. Бұл тәсіл операциядан кейін науқастарға сүт безін қалпына келтіруге көмектеседі.