Өскеменде облыстық білім басқармасының алқалы отырысы өткізілді. Шараға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев қатысты. Басқосуда өңірдегі мектептердің білім беру жүйесін дамыту деңгейі пысықталды. Бұдан бөлек, жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселесі де талқыланды.

Жиынға облыстың түкпір-түкпірінен келген 340 маман қатысты. Олардың қатарында облыстық білім басқармасы мен бөлім басшылары, мектеп және колледж директорлары, меңгерушілер, педагогтер бар. Шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің айтуынша, жас ұрпаққа білім беруден бөлек, тәрбиенің сапалы болуы маңызды.

Шараның бірінші бөлімінде бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Білім жүйесін жақсартудан бөлек, оқу орындарында қауіпсіз ортаны қамтамасыз ету жайы да қарастырылды.

Облыстағы 25 мектепте білім беру сапасы сын көтермейді. Бұл туралы «Өрлеу» біліктілікті арттыру Ұлттық орталығы» АҚ-ның шығыстағы филиалының директоры Гаухар Жұманова мәлімдеді.

Білім мен тәрбие беру саласына жауапты мамандардың басы қосылған жиында құнды ақпараттар айтылды. Дәл осындай шараның өскелең ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар үшінде маңызы зор.