«Әлемнің әміршісі – еңбек». Еңбектің тәтті нанын татып, адал шаруасымен ауылдастарын да жұмыспен қамтып отырған азаматтар қай жерде де табылады. Самар ауылында өз бетінше кәсіп бастап, шаруасын дөңгелеткендер қатары артып келеді. Әсіресе, жастар жағы белсенді. Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көріп отырған жанұямен арна тілшісі сұхбаттасып қайтты.

Ерлі-зайыпты Жансая мен Дидар шағын кәсіптерін бастағанына міне санаулы айлардың ғана жүзі болды. Дегенмен, сұраныс бар, сауда жүріп жатыр. Жастар жай қарап жатқан жоқ. Өздері ізденіп, оқу оқып, грантқа қол жеткізген. Берілген қаржыны тиімді игеріп арнайы станоктар сатып алған.

Бұл – кәдімгі жұмыс қолғабын санаулы минутта-ақ тігіп беретін жабдық. Бір жұп қолғапқа ары кетсе 3-4 минут уақыт кетеді. Күніне сұранысқа сай мұндайдың ондаған данасын тігіп, сатылымға әзірлеп қояды. Міне, шағын бизнес деген осыдан басталады.

Жеке кәсіп – үнемі ізденісте, сұранысқа сай болуды талап етеді. Кәсіпкер үшін өнімін қымбатқа сату емес, жұртқа қажетті өнім шығару маңызды. «Самар» деген жазу басылған бұл кір сабындар бұйыртса бір-екі жылда ауданның брэндына айналмақ.

Дидар Мусин сабынға керек шикізатты қаладан алғызғанмен, негізгі процессті осы жерде іске асырады. Оның құрамын жетілдіру, қалыптарға салу сияқты жұмыс та айтарлықтай уақыт алады. Кәсіпкер өз өнімдерін жетілдіріп отыруды басты мақсат еткен. Тауарының сапасына жіті мән береді.

Үй жағдайында тұрмысқа аса қажетті кір сабын жасау мен жұмыс қолғабын тігу ісі жас отбасына алғашқы кірісін де әкеліп жатыр. Сабынның әр данасын 200 теңгеден жаппай сатылымға шығарып отыр. Ауылдық дүкен сөрелеріне түссе де қосылатын үстеме бағасы көп емес. Ең бастысы жергілікті өнімдер аудан халқына қолжетімді. Алдағы уақытта цехты үлкейтіп, қосымша жұмыскер алу да жоспарда. Тауар тасу үшін осы жүк көлігін де сатып алған. Соның арқасында үй отағасы енді Самар ауданына ғана емес, көршілес аудандардың сауда орындарына өз өнімдерін жеткізетін болады.