Өңірде 11 мыңнан астам бала инклюзивті білім алады. Ал оның алты мыңға жуығы Өскеменде. Бұл туралы С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан унверситетінде «Инклюзивті білім беру жағдайында білім беру процесін басқару: заманауи тәсілдер мен тәжірибе» атты семинар барысында айтылды.
Инклюзивті білім беру жағдайында оқытудың заманауи технологиясын пайдалану маңызды. С. Аманжолов атындағы ШҚУ өткен семинардың мақсаты - өңірдегі мектептерде инклюзивті білім беруді ұйымдастыру, балаларға қажетті жағдай жасау, білім ордаларының директорларына бағыт бағдар беру.
Жиында педагогтердің мәселесі де назардан тыс қалмады. Соңғы үш жылда ерекше қажеттіліктері бар балалардың саны 1860-тан 2010 балаға артқан. Ал педагог-ассистент мамандардың саны 49-дан 124 бірлікке өскен. Бұдан бөлек, арнайы білім алатын балалармен жұмыс істейтін мұғалімдер саны 44%-ға дейін ұлғайған.
Университет базасында «Dana bala» жобасы іске қосылған. Аталған орталықта ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға диагностикалық, психологиялық және арнайы білім беру қызметтері көрсетіледі.