Өскеменде «Туған жер-алтын бесігім» жобасы аясында Күршім, Марқакөл аудандарының мәдени күндері өтті. Қала тұрғындарына қолөнер көрмесі мен ауылшаруашылық жәрмеңкесінен бөлек, кең көлдемді концерттік бағдарлама да ұйымдастырылды.

Облыстық филармония сахнасында екі ауданның өнерпаздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Шарада өскемендіктердің назарына қолөнер шеберлері мен зергерлердің қолынан шыққан түрлі бұйымдар ұсынылды. Облыс әкімі Ермек Көшербаев дүбірлі думанның куәсі болып қайтты.

Бұдан бөлек, шарада ұйымдастырылған көрмеге ірі кәсіпорынның басшылары да қатысты.

Ал, ауылшаруашылық жәрмеңкесінде екі ауданның табиғи таза өнімдері қолжетімді бағада сатылды. Жәрмеңкеге екі ауданнан барлығы 12 ауылдық округ қатысты.Қала тұрғындарына ет-сүт өнімдерінің түр-түрі, сондай-ақ жоғары сапалы күнбағыс майы, жаңа піскен көкөністер мен табиғи балдың алуан түрі ұсынылды.

Ет, сүт, дәнді-дақылдарға бай аудан базарлықтарын халық алдына жайды. Сауда сөрелерінде әсіресе, ет өнімдерінің түр-түрі тұрды. Жәрмеңкеде әркім өзіне керегін тауып, жиналған жұрт риза болып тарқасты.