Елге қоныс аударған қандастарға мемлекет қолдау көрсетеді. Баспанамен қамту, жұмысқа орналастыру мәселелерін шешеді. Отбасының әр мүшесі үшін қаржылай көмек те қарастырылған. Өскеменде осы мәселе төңірегінде қандастарға құқықтық көмек бойынша кеңес өтті. Жалпы, елге оралған қандастарға қандай қолдау шаралары бар? Тілші тарқатсын.
Жыл басынан бері жеті мыңнан астам қандас Қазақстанға қазық қақты. Қоныс аударушылардың санының артуына мемлекеттік қолдау шаралары ықпал етіп отыр. Үкімет қандастарға 5 бағыт бойынша көмек көрсетеді. Баспанамен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, кәсіп ашуға көмектесу сынды шаралар қарастырылған. «Отандастар» қоры мен Шығыс Қазақстан облысының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының ұйымдастыруымен өткен кеңесте қандастарға құқықтық көмек көрсетудің маңызды мәселелері талқыланды.
Қандастарды ортаға бейімдеу мақсатында жылдар бойы түрлі әлеуметтік жобалар жүзеге асырылып келеді. Өңірге қоныс аударған қандастар жауапты мекеме өкілдеріне көші-қон және азаматтық алу мәселелеріне байланысты сұрақтарын қойды.
Сырттан келіп жатқан ағайынның қарасы көп. Биыл Қазақстанға, оның ішінде шығысқа көш түзеген қандастардың көбісі аспан асты елінен келген.
Жиынға Өскеменнен бөлек, Глубокое және Ұлан аудандарында тұратын қандастар арнайы келді. Шалғай елді-мекендегі қандастар сұрақтарын әлеуметтік желі арқылы жолдады.