Өрт сөндіру көлігіне жол бер. Осындай атаумен Өскемен қалалық полиция басқармасының қызметкерлері мен ШҚО ТЖД құтқарушылары бірлесе профилактикалық рейд жүргізді. Олар қызыл жалынды сөндіретін арнайы техникамен қала көшелерінде жүріп өтті.
Төтенше жағдай кезінде адам өміріне қауіп төнген сәтте әр секунд маңызды. Қалада дабыл дыбысын естісе де, өрт сөндіру көліктеріне жол бермейтін жүргізушілер бар. Осындай азаматтарды анықтау мақсатында полиция қызметкерлері өрт сөндіру көлігімен қала көшелеріне шықты. Нәтижесінде бір азамат ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 598-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Мамандардың мәліметінше, жыл басынан бері жоғарыда аталған құқық бұзушылық бойынша 8, облыс бойынша 12 жүргізуші әкімшілік жазаға тартылған.
Мамандар автокөлік иесі көлігін тұраққа қоярда арнайы техника өте алатындай орын қалдыруы керектігін ескертеді.
Мұндай алдын алу шарасы жыл сайын өтеді. Себебі, азаматтардың өмірі мен денсаулығы, мүліктің аман қалуы өрт сөндіру көлігінің жету жылдамдығына тікелей байланысты.