Қазақстанның халық әртісі Бибігүл Төлегенова биыл 95 жасқа толады. Мерейтойға орай шығыс жұртшылығы «Қазақтың бұлбұлы» атты теңдесіз кешке куә болып қайтты. Аты аңызға айналған өнер майталманының шәкірттері мен үзеңгілес әріптестері облыстық филармония сахнасын ән мен күйге бөледі.
Кеш Еркеғали Рахмадиевтің «Құдаша Думан» операсымен басталды. Ғибратты ғұмыр иесінің тұнық үнін талай буын тыңдап өсті. Ұлт мақтанышы Бибігүл Ахметқызы 70 жылдан астам сахнаның сәнін келтірді.
Біртуар бұлбұл әншінің қоржынында қазақтың халық әндерімен қатар әлемдік музыка жауһарлары көптеп кездеседі. Соның бірқатары осы кеште шырқалды.
Қазақтың бұлбұлы Бибігүл Төлегенова 95 жылдық ғұмырында жас әншілерге шабыт беріп, олардың рухани әлемін байытты. Ешбір теңеу оның өнерін толық сипаттай алмайды, себебі ол өзінің даусымен және шеберлігімен қазақ мәдениетінің әлемдік сахнадағы биік тұғырына көтерілген ұлы тұлға. Бибігүл Төлегенованың есімі болашақ ұрпақтың жарқын жолын ашатын шамшырақ болары анық.