Ұлан ауданында «Көңіл толқындары» кітабының тұсаукесері өтті. Жинақ авторы зейнеткер ұстаз, балалар жазушысы Күлмай Сембаева. Ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнаған жан, осыған дейін 10 кітап жазған. Орталық кітапханада өткен салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері мен мектеп оқушылары қатысты. Толығырақ тілшіміз Бекарыс Секен жалғастырады.
Күлмай Сембаева - Тоқсанбай ауылының тумасы. 35 жыл бойы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Өмірін педагогика саласымен байланыстырғанымен, шығармашылықтан еш қол үзбегенін айтады. Ұстаздың балаларға арналған туындылары облыстық, республикалық баспаларда жарық көрген. Жаңа кітабының атауын «Көңіл толқындары» деп қоюы да бекер емес.
Ақын «Көңіл толқындары» кітабына бірнеше автордың өлеңдерін топтастырған. Ауылдастары Күлмай Сембаеваны қазақ тілінің жанашыры деп жоғары бағалайды. Автордың «Әріптер сыры», «Балғын ұрпақ бақытым», «Мамандықтар менің отбасым» секілді туындылары өңір жастарына танымал. 7-ші сынып оқушысы Мейірім Серғазина ақынның шығармаларын сүйіп оқиды. Оқырманға жол тартқан жаңа кітап қатарластарының көңілінен шығатынына сенімді.
Шара соңында Күлмай Сембаеваға аудандық білім басқармасы басшысының алғыс хаты табысталды.
Жиналған қауым қаламгерді жаңа кітабының жарыққа шығуымен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.