Өскеменде тоғызқұмалақтан мектеп оқушылары мен ардагер спортшылар арасындағы командалық ел біріншілігі басталды. Байрақты бәсекеге 100-ге жуық спортшы жиналды. Жарыс екі күнге созылып, елдің ең үздік спортшылары анықталады.
Турнир «Тоғызқұмалақ» кітабының авторы, белгілі түрколог, ғалым Сәрсен Аманжоловтың құрметіне ұйымдастырылған. Жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін жарыс биыл республикалық деңгейде өтуде.
ШҚО Ұлттық спорт федерациясының атқарушы директоры Назгүл Байгелдинова өңірде тоғызқұмалақтың қарқынды дамып келе жатқандығын жеткізді.
Ойын өте тартысты өтуде. Ойыншылардың логикалық ойлауы, тапқырлығы мен шыдамдылығы ерекше байқалды. Әр партия сайын тартыс күшейіп, қарсыластардың шеберлігі сыналды. Биылғы жарыстың тағы бір ерекшелігі мектеп оқушыларынан бөлек, ауыл, аудандардан келген ардагер спортшылар да бақ сынасты.
Әзірге кіл мықтыдан, шын мықтыны анықтау үшін іріктеу кезеңі өтіп жатыр. Ал 27 қараша жарыстың соңғы күні. Онда жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтпек.