Аймақтағы қауіпті тас жолдарда патрульдік полицияның мобильді бекеті жұмысын бастамақ. Бұл тиісті тапсырманы өңір басшысы Ермек Көшербаев жиын барысында айтты. Басқосуда әкім халықтан келіп түсетін шағымдарды талқылап, жауапты мамандарға ескерту жасады. Бұдан бөлек, Өскемендегі ауа сапасы да талқыланды.

Қысқы кезең басталысымен өңір тұрғындары жолдардың жай-күйіне шағымданып, өз наразылықтарын білдіруде. Бұл тұста аймақ басшысы қыс қамына жауаптылардың жұмысын сынға алдыү.Өңір әкімі Ермек Көшербаев жолдардың қауіпті учаскелеріне мобильді полиция бекеттерін орнатуды тапсырды. Ол шұғыл жағдайларға жедел ден қоюға және апатқа ұшыраған азаматтарға көмек көрсетуге мүмкіндік бермек.

Бұдан бөлек, өңір басшысы сала мамандарына ақпарат беру алгоритмін тиянақты пысықтауды талап етті. Халық ұдайы алып отыруы тиіс ақпарат тексерістен өтіп, жалған мәлімет таралмауы тиіс, деді.

Осы тұста аймақ басшысы жұмылдыру дайындығы басқармасының жұмысын сынға алды. Жиын барысында ведомствоның «Жер-2024» көктемгі командалық-штабтық оқу-жаттығу барысында берілген тікелей тапсырманы орындамағанын атап өтті.

Өңір әкімі облыс орталығындағы көк түтінге жауапты болуы ықтимал деген кәсіпорындар мен қазандықтар түгел тексерілуі тиіс екенін айтты.

Бұдан бөлек жиында жуырда тас жолдың бойында жүк көлігі жарылып, екі адам қаза тапқан қайғылы оқиғада талқыланды. Облыс әкімі жергілікті атқарушы органдарға өзендерде, тауларда және басқа да жерлерде жарылыс жұмыстарын жүргізуге келісімшарт жасасу жоспарланған компаниялардың құжаттарын, лицензиясын егжей-тегжейлі тексеруді тапсырды.

Өскеменде қолайсыз метерологиялық жағдайға байланысты оқушылар онлайн форматқа ауыстырылды. Бұл туралы білім бөлімі хабарлады. Бүгін екінші ауысымда оқитын балалар үйлеріне қайтарылды. 28-29 қараша да 1-11 сынып оқушылары қашықтықтан оқытылады.