Қыста лимон мен банан өсіріліп жатыр. Ұлан ауданы Украинка ауылында лимон, мандарин, банан, тіпті кофеге дейін өседі. Бұл экзотикалық өсімдіктер жер астында 3 метр тереңдікте гүлдеп тұр. Жылыжайдың иесі де кәнігі бағбан емес, қарапайым зейнеткер. Толығырақ арна тілшісі Дильназ Еркінбекованың сюжетінде.
Жылыжайға кірген адам тропикалық орманда жүргендей күй кешері анық. Іскер ерлі-зайыптылар кешенді үш метр тереңдікте салған. Көлемі мың шаршы метрге жететін жылыжай төрт блокқа бөлінеді. Оның екеуінде – лимон, біреуінде – гүлдер, енді бірінде балғын ағаштар өседі.
Ал экзотикалық жемістерден анар, кофе, банан, ананас, інжір, құрма және мандарин өсіп тұр. Інжір екі жыл қатарынан жақсы өнім беріпті. Банан биыл жеміс бермек. Құрма мен мандарин ағашы енді ғана көктеп келеді. Сонымен қатар, 300-ден астам гүл өсіріледі. Оның ішінде үйдің көркін ашатын сәндік түрі де, емдік мақсатта қолданылатындары да бар.
Жерасты бағын көруге Алматы, Талдықорған, Қарағанды және еліміздің өзге аймақтарынан да адамдар жиі келеді. Бірі жай ғана тамашаласа, басқалары осы кәсіпті үйренуді қалайды екен.