ШҚО әкімі Ермек Көшербаев жастар ресурстық орталықтарының директорлары және жастар ұйымы өкілдерімен кездесті. Шарада өңір жастары аймақ басшысына өз сауалдарын қойып, еркін сұхбат алаңында пікір алмасты.
Еркін форматта өткен кездесу екі сағатқа созылды. Көп мәселенің күрмеуі шешілді. Жастар өңір басшысына түрлі сұрақтар қойып, пікірлерін ортаға салды. Жұмыспен қамту, қолжетімді баспана мәселесін көтерді. Білімді жетілдіру, жас кәсіпкерлерді қолдау, қоршаған ортаны қорғау жайлы айтылды. Облыс әкімі жастармен жиі жүздесуге дайын екендігін айтып, көтерілген тақырыптар аясында жұмыс істелетіндігін жеткізді.
Кездесу барысында ТЖД қызметкері Думан Кенжебек ерекше алғыс хатқа ие болды. Ол биыл қазан айында болған өрт кезінде өз өмірін қатерге тігіп, бірнеше азаматты ажалдан аман алып қалған. Оқиға Шемонаихадағы Усть-Таловка кентіндегі көппәтерлі тұрғын үйде болған.
Әкім жастардың ойын тыңдап, ұсыныстарын тыңдады. Ақыл - кеңес берді. Жастарға сенім артатынын айтқан облыс әкімі игі істердің басында жүрген ұл-қыздарға алғыс білдірді. Ал кездесу соңында бірқатар өңір белсендісі облыс әкімінің құрмет грамотасы және алғыс хатымен марапатталды.