ҚР Президентінің Әкімшілігімен және қалалық мәслихат депутаттарымен келісе отырып, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің өкімімен Ақышов Алмат Талғатұлы Өскемен қаласы әкімінің лауазымына тағайындалды. Өңір тумасы Өскеменде өсіп, еңбек жолын да осы қалада бастаған. Әр жылдары туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасында, ауыл шаруашылығы министрлігінде қызмет атқарды. Ұлан ауданы аппаратының басшысы, Аягөз ауданы әкімінің орынбасары, облыстық Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болды. Соңғы екі жылда Күршім ауданының әкімі лауазымында жұмыс істеді. Алмат Ақышов Президенттік жастар кадрлық резервінің мүшесі. Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев Алмат Ақышовтың экономика, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы мол тәжірибесін ескеріп, оған облыс орталығының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін дамытуды қамтамасыз етуде зор жауапкершілік артылатынын атап өтті. Аймақ басшысы жаңа тағайындалған әкімге экология мен көшелерді жарықтандыру мәселелерін назарға ала отырып, қаланы одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.