Өскемендік спортшы Фаина Мейірманова Малайзия астанасы Куала-Лумпурда өткен сурдо-жеңіл атлетикадан Х Азия-Тынық мұхит ойындарынан екі бірдей жүлде еншілеп қайтты. Жас спортшыны қарсы алуға туған-туыстары, жанкүйерлері мен спорт басқармасының басшысы да келді.
Малайзия жерінде өткен байрақты бәсекеде ұлттық құрама сапында өнер көрсеткен жерлесіміз ұзындыққа секіру сайысында алдына жан салмай, доданың алтын медаліне қол жеткізді. Өскемендік бұрымды 6 метрге жуық межені еңсерген.
Фаина Мейірманова бала күнінен спортқа жақын болған. Мектеп қабырғасында жеңіл атлетика спортына алғаш қадам басқан. Міне содан бері спортшы өңірдің намысын талай байрақты бәсекеде қорғап келеді.
Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Асқар Можановтың айтуынша өңірде жеңіл атлетика қарқынды дамып келеді.
Х Азия-Тынық мұхит ойындарында Қазақстан құрамасы 17 алтын, 25 күміс және 24 қола медаль еншіледі. Жалпы командалық есепте төртінші орынға тұрақтады.