ШҚО әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданы тұрғындарымен кездесті. Кездесуде өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен туризм саласын ілгерілетуге бағытталған бастамалар жайы талқыға түсті. Жиын барысында тұрғындар өздерін толғандырған сауалдарына жауап алды.

Самар ауданының тұрғындарымен өткен есептік кездесуде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов инвестиция тарту жұмыстарына тоқталды. Себебі, бұл бағыттағы шараларды үздіксіз жүргізу маңызды. Аудандағы басым бағыттардың бірі ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өндірілген өнім көлемі 9,7 млрд теңгеге жеткен, Ал құрылыс, өнеркәсіп пен шағын бизнестің үлесі 1,6 пайыз шамасында. Бұдан бөлек, жиында туризм саласы да сөз етілді. Мұнда қазіргі таңда 34 туристтік орын бар. Биыл қаңтар мен қыркүйек аралығында келушілер саны 15 мыңға жуық азаматты құраған.

Бұдан бөлек, аймақ басшысының бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов Самар ауданының дамуына тың серпін беретін жобалар туралы айтты. Олардың қатарында ауыл шаруашылығын дамыту, интернетпен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау мен білім беру нысандарын жөндеу сынды маңызды бастамалар бар.

Жиында жергілікті тұрғындар облыс әкімінің бірінші орынбасарына өздерін толғандырған сауалдарын да жолдады. Тұрғындармен кездесуден кейін облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов азаматтарды жеке қабылдап, көкейтесті мәселелерін тыңдады.