«Казцинк» ЖШС өңірдегі ірі өндіріс орындарының бірі. Өндіріс орны аймақтағы медицина мекемелері, әлеуметтік нысандар мен білім ошақтарын қажетті жабдықтармен қамту ісінде қолдау көрсетіп келеді. Компания бастамасымен «Арман қала» жобасы жүзеге асқан болатын. Жоба аясында бұл жолы Риддердегі бірнеше мектепте робототехника кабинеті ашылды.

 «Казцинк» компаниясы мен ШҚО әкімдігі өңірді дамытуға бағытталған екіжақты меморандумға қол қойған болатын. Меморандум аясында Риддерде 8 робототехника кабинеті ашылды.

Мұндай жобаларды іске асыру – болашаққа жасалған инвестиция. Себебі, балалар мектеп қабырғасында жүріп-ақ мамандық таңдауға мүмкіндік алады.

ШҚО әкімдігімен меморандум аясында «Казцинк» компаниясы биыл өңірге 2 миллиард теңгеден астам қаржы құйды. Оның ішінде, Риддерде жаңа мектептің құрылысына 5 миллиард теңге бағытталды. Бұл жоба да «Казцинк» демеушілігімен жүзеге асырылып отыр.

Жобаны жүзеге асыру үшін Астанадағы «Роботек» робототехника мектебінің сарапшылары тартылған. Оқу орнының жоғары технология саласында 10 жылдық тәжірибесі бар.

Ұйымдастырушылар жоба балалардың бойында шығармашылық қабілет пен жаңа білімге деген қызығушылықты арттыруға ықпал етеді деген сенімде.

Жас өрендер келер жылы Риддерде робототехникадан өтетін біріншілікте сынға түседі. Ал жеңімпаз атанғандар мамыр айында Астанаға аттанады.