Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Алайда, осы бақыт халқымыздың басына бірден орнай қалған жоқ. Азаттық жолында бұқара тар жол тайғақ кешті. Гүлдей құлпырып келе жатқан талай боздақтың тамырына балта шабылды. Желтоқсан оқиғасының құрбандары да сол тағзым етер тізімнің ең басында тұр. Сондықтан, қаладағы белсенділер, жалынды жастар «Желтоқсан алауы» ескерткішінің алдына жиналды.
«Тоңдырды мені, Тоңдырды сені. Желтоқсан желі ызғарлы...». Мемориал алдына келген жұрттың жүзінен осындай жазылмас жараны, көңілінде қимастық пен бүгінгі күнге деген ризашылық астасып жатқандығын байқауға болады. Кезінде алаңға шыққан жандар құрбы-құрдастарын бір минут үнсіздікпен еске алды. Бірақ, олар естен шыққан емес. Әсіресе, жастар аға буынның қайсар рухын, өр мінезін жоғары бағалайды.
Тарих – тағзым мен құрметті талап етеді. Содан болар жыл сайын осы жерде 16 желтоқсанда жүздеген гүл шоқтары қойылады. Заманында ашылмай қалған боздақтар рухындай, ендігі елдің жарқын ертеңіне деген сенім мен үміттің белгісіндей болған гүл шоқтары.