Табиғаты көрікті, таулары аспанмен таласқан Риддер бүгін мүлде ертегі әлеміне енгендей болды. Жүздеген Аяз ата мен Ақшақар бір жерге жиналды. Алғаш рет ұйымдастырылған “Аяз-ата, Ақшақар-2024” республикалық фестивалі осы қалада басталды. Айтулы шара еліміздің әр өңірінен келген 200-ге жуық қатысушының басын қосты.
“Аяз Ата, Ақшақар – 2024» республикалық фестивалі Риддердегі тау-шаңғы демалыс аймағында басталды. Мұнда ертегі кейіпкерлері жаппай шаңғы жарысына қатысты. Олардың қатарында Ұлытау облысынан келген Думан Әбілтаев пен Диана Қапбарова да бар. Шығыста алғаш рет екендерін айтып, мерекемен ертегі кейіпкерлеріндей құттықтады.
Бұл шараға өңірдің әр аудан, ауылынан 5 жұп Аяз ата мен Ақшақар келді. Фестиваль қатысушылары мен қонақтарын үш күндік қызықты, әрі алуан түрлі бағдарлама күтіп тұр.
Бұдан кейін, фестиваль Риддер қаласының орталық алаңында жалғасты. Онда мерекелік концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, аяз аталардың шеруі өтті. Ең қызығы мұнда киіз үй де құрылған. Қала тұрғындары шыршаны тамашалап, жаңа жылдық көңіл күйді сезінді. Барлығы дән риза.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай шаралар адамдар арасында достық қарым-қатынасты, мейрам атмосферасын қалыптастырады.
Мерекелік шара ертең Глубокое ауданына қарасты «Алтай Альпісі» тау-шаңғы демалыс аймағында жалғасады. Ал, фестивальдің үшінші күні Өскемендегі Солжағалау саябағының аумағындағы Аяз ата резиденциясының салтанатты ашылуымен қорытындыланбақ.