Өскеменде Ақтан Нұрбаев атындағы ақындар мектебі ашылды. Бұл мектеп айтыс өнеріне ден қойған дарынды жастардың басын қосып, бағыт-бағдар беруді көздейді. Ақындар мектебі қазақтың суырып салма өнерін жаңа деңгейге көтермек.
Ақындар мектебінің ашылуына қазақ айтысының қара нары, ақын, қоғам қайраткері Жүрсін Ерман, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ақын Ұлықбек Есдәулет, танымал айтыскерлер Серікзат Дүйсенғазин, Жанарбек Әшімжан, Дәулет Сметов қатысты.
Ақындар мектебі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханасында орналасқан. Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ашылған ақындар мектебінің жабдықталуына ақынның ұрпақтары демеушілік жасаған.
Облыстық мәдениет басқармасының бастамасымен ашылған ақындар мектебі Өскемен және облыс көлеміндегі ақындыққа бейім жастарды суырып салма өнерге баулып, поэзия мен мәнерлеп оқуға машықтандыруды, сондай-ақ жас таланттарға шығармашылық бағыт-бағдар беруді мақсат етеді.