Облыстық Жастар ресурстық орталығының еріктілері «Сүйіктіме гүл» акциясын ұйымдастырды. Қыз-келіншектерге көтеріңкі көңіл күй сыйлауды мақсат еткен волонтерлар аруларға гүл ұсынды. Акция қаланың бірнеше ауданында бір уақытта өтті. Ал, Арбатта коммуналдық қызметте істейтін әйелдерді құттықтады.

Олардың еңбегі кейде еленбей жататыны рас. Бірақ, қала көшесін тазалап, ұқыптылығына жауап беретін осы арулар. Коммуналдық қызметкерлер күн-түн демей, ауа-райының қолайсыздығына да мән бермей жұмыс істейді. Сондықтан, Жастар ресурстық орталығының еріктілері еңбектерін елеп, құттықтап қайтты. Мереке иелері дән риза.

Барлығы көңілге байланысты. Қыз-келіншектер мұндай шараның маңызы зор дейді. «Сүйіктіме гүл» акциясы бірнеше жыл қатарынан Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында өткізіліп келеді. Акцияны ұйымдастырушылар өзара сыйластық пен құрметті арттыратын осындай шараларды жалғастыра бермек екендерін айтады.