Рахман қайнарына апаратын жол ашылды
Катонқарағай ауданында Рахман қайнары бағытына апаратын автомобиль жолының ашылу салтанаты өтті. Шараға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, атқарылған жұмыстарды бағалап, «ҚазАвтоЖолдың» үздік қызметкерлерін марапаттады.
Жолдың ашылуы ауданның туристік саласының қарқынды дамуына тың серпін береді. Енді келетін туристер үшін Рахман қайнарының табиғаты әлдеқайда қолжетімді болмақ. Бұл жерге арнайы келетін шетелдік туристер де аз емес. Солардың бірі көрші асапан асты елінен келген қытайлық саяхатшы.
Чжан Яоюнь, саяхатшы (ҚХР):
Мен Шанхай қаласынан келдім. Біздің мақсатымыз – жаяу серуендеу және таңғажайып табиғатты тамашалау. Мұнда маған бәрі өте ұнады, жергілікті тұрғындар қонақжай, табиғаты керемет. Катонқарағай туралы бұрыннан естіп жүргенбіз, сондықтан мұнда келуді қатты қаладым. Жолдың өзі де өте жақсы екен.
Жолдың ұзындығы 13 шақырым. Автомобиль жолын салу жұмыстары шамамен екі жылға созылған. Тәжірибелі мамандардың тынымсыз еңбектенуінің арқасында жұмыс сапалы аяқталды.
Әділет Жампейісов, «ҚазАвтоЖол» ШҚОФ директорының орынбасары:
Демалыс алаңдарын абаттандырдық, сондай-ақ келушілерге арналған фотозона ретінде шағын сәулет нысандарын орнаттық. Биыл туристер ағынының өте жоғары болғанын көрдік. Осы жолдың ашылуына байланысты жол бойындағы дәмханалардың да дамуы байқалды.
Жолдың сапасына ерекше мән берілді. Мамандар барлық жұмысты ұсақ-түйегіне дейін пысықтап, әрбір кезеңді мұқият тексерген. Қауіпті аймақтар барынша назарға алынып, нәтижесінде мамандар бағыттағы қозғалыс қауіпсіздігін барынша қамтамасыз етті.
Ержан Аязбаев, Жол активтері сапаcының ұлттық орталығының ШҚОФ директоры:
Инженер келіп, керн үлгісін алады, содан кейін оны зертханаға жеткізеді. Лаборант оны сынақтан өткізеді. Сынақтан кейін материалдың талаптарға сәйкестігі расталады. Ең алдымен беріктік сипаттамалары, яғни асфальт-бетонның суға қанығуы мен тығыздалуы тексеріледі.
Шара барысында жол құрылысына атсалысып, еңбегімен ерекшеленген мамандарды марапаттау рәсімі өтті. Оларға атқарған жұмыстары үшін алғыс білдірілді.
Нұрымбет Сақтағанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Рахман қайнарында әлемдік деңгейдегі санаторий салуды жоспарлап отырмыз. Ол үшін жолдар да талапқа сай болуы керек. Бүгін соған көз жеткіздіңіздер. «ҚазАвтоЖолға» алғысымды білдіремін.
Жаңартылған инфрақұрылым ауданның экономикалық белсенділігіне қосымша серпін беріп, аумақтың табиғи және рекреациялық әлеуетін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Алдағы уақытта туристерге жыл бойы қолайлы жағдай жасауға және аумақты абаттандыруға басымдық беріледі.
Нұрдәулет Қалибеков