Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов 103 жастағы Шағила Шалғумбаеваны арнайы құттықтады. Ғасыр жасаған кейуана – Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда еңбек еткен. Өмірін бала тәрбиесіне, ұстаздық қызметке арнаған қария бүгінде немересінің қолында тұрады.
Шағила Шалғумбаева 10 шілдеде 104 жасқа толады. Ұстаздық жолында талай шәкіртті тәрбиелеп, ұрпаққа білім мен тәрбие беруді өмірлік мақсат еткен. Бүгінде оның жүріп өткен жолы – кейінгі буынға үлгі. Аймақ басшысы көктем мерекесімен қатар Жеңістің 80 жылдығымен де құттықтап, ардагердің ерлігі мен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Ғасыр жасаған ананың ғибратты ғұмыры – кейінгі ұрпаққа өнеге. Ол мерекемен құттықтап келгендерге ақ батасын берді.
Жасы жүзден асқан Шағила әже саналы ғұмырын білім беру саласына арнаған. Ол «Жеңістің 70-75 жылдығы» мерейтойлық медальдарымен марапатталған.Өмірлік қосағы Қамза Шалғумбаев екеуі 3 ұл тәрбиелеп, ержеткізді. Қазіргі таңда үлкен ұлынан тараған немересімен бірге тұрып жатыр.
Ұрпақтар сабақтастығының бір көрінісі – Шағила әженің шөпшегі Ернұр. Ол да әжесінің тәрбиесі мен ақыл-кеңесін бойына сіңіріп келеді.
Кейуанаға деген құрмет – оның ғұмыр бойы жасаған еңбегіне деген алғыс. Ол ұрпағының жадында өнегелі өмірімен, айтқан ақылымен, берген батасымен мәңгі қалары сөзсіз.