Халықаралық әйелдер күнінде түрлі салада еңбек етіп келе жатқан ізгі ниетті, ақ пейілді, кең жүректі асыл жандар қуанышқа бөленді. Елдің дамуына, өркендеп өсуіне, болашақ ұрпақтың келешегі кемел болуына атсалысып жүрген жандар еңбегі елеусіз қалмады. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірдегі аруларды құттықтап, алғыс хат табыстады.
Бұл жандардың әрқайсысы әдемі, әрқайсысы кәсіби білікті, толағай табысқа жеткен, отбасының ұйытқысы бола білген арулар, аналар. Өткен шара Тарғын ауылының тұрғыны, ақ жаулықты ана Қазия Мусинаның батасымен басталды.
Салтанатты жиынға Сәбира Кәрібаева Зайсан ауданынан арнайы келген. Ол ««Қара Ертіс» шаруақожалығын дөңгелетіп, жиырма бес жыл бойы басы қасында жүрген жан. Асыл тұқымды мал басын көбейтіп, өсіруде.
Ләйлә Әміренова – Төтенше жағдайлар департаментінде аға диспетчер. Білікті маман жүзден астам өртті жоюға қатысқан.
Осында жиналғандардың әрқайсысын тыңдап, өзінің тілегін жеткізген аймақ басшысы көктем мерекесімен құттықтады.
Көпке көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған кездесу әдемілікке жаны құмар әйелдер үшін ұзаққа есте қалмақ.