Өңірде су тасқыны қаупінің алдын алу шаралары күшейтілді. Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Алтай ауданындағы гидротехникалық нысандарды аралап, атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Облыста су алу қаупі бар 19 учаске бар, оның бесеуі Алтай ауданында.
Алтай ауданы су тасқыны қаупі жоғары аймақтардың бірі. Сондықтан өзен арналарын тазарту және мұз жару жұмыстары апта соңына дейін аяқталуы тиіс. Төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында жедел штабта 105 қызметкер мен 44 арнайы техника жұмылдырылып, үш ауысымда жұмыс істейді. Биыл қардың мөлшері өткен жылмен салыстырғанда аз болғанымен, құрамындағы су көлемі көп. Ауданда қажетті жанар-жағармай мен инертті материалдардың жеткілікті қоры бар, барлық күш пен техника дайындық жағдайында тұр.
Өңірде ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласын дамытуға бағытталған жобалар қарқынды іске асырылуда. Аймақ басшысы жұмыс сапары барысында Алтай ауданындағы әлеуметтік маңызы бар нысандарды аралады. Серебрянск қаласындағы «Su Bereke» тамшылатып суару машиналары зауытының техникалық ашылуына қатысты. Кәсіпорын жылына 1000 дана машина шығаруды жоспарлап отыр. Өнімдер ішкі нарықпен қатар, шетелге де экспортталмақ.
Облыс әкімі сондай-ақ Полянск ауылында салынып жатқан «Мойылды Байқоңыр» сүт-тауарлы фермасының құрылыс жұмыстарымен танысты. 1075 бас сауын сиырға арналған кешен тәулігіне 30 тоннаға дейін сүт өндіруге қауқарлы. Жоба іске қосылған соң, аймақтың азық-түлік нарығын сүт өнімдерімен қамтуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, облыс әкімі аудандық ауруханаға жүргізілген жөндеу жұмыстарының нәтижесін көріп, медициналық қызмет сапасын жақсарту мәселелерін талқылады. Аурухана ауылдық жерде денсаулық сақтауды жаңғырту бағдарламасы аясында жабдықталып, күрделі жөндеуден өтті.
Жұмыс сапарының соңында өңір басшысы тұрғындарды қабылдап, сұрақтарына жауап берді.