Ал, еліміздің ең мықты қолөнерші қыз-келіншектері Өскеменге жиналды. Бабадан қалған көне де киелі өнер өкілдері «Ғасырлық дәстүрлер» атты кілем тоқу және сәндік-қолданбалы өнер бұйымдарының фестивалінде бас қосып отыр. Республикада алғаш рет өткізіліп отырған шараға 10 өңірдің қолөнершілері келді.
Ақтөбе қаласынан келген Рәбиға Есболатова шығыста мұндай шараның өткізілгеніне қуанышты екенін жеткізді. Себебі, өткенді тану арқылы ұлттық болмыс-бітімді қалыптастыруға болады. Сол себепті қолөнерді әрдайым басты назарда ұстап, оны жас ұрпаққа үйретуге назар аударғанымыз артық емес.
Атадан балаға мұра болып жеткен дәстүрді, ұлттық өнерді ұрпаққа насихаттау үшін ұйымдастырылатын осындай фествальдер ұлтты ұйыстырады.
Фестиваль халықтық кілем тоқу дәстүрлерін насихаттау және сәндік-қолданбалы өнер шеберлерін қолдау мақсатында өткізілді. Сондай-ақ, шығармашылық идеяларды талқылау және тәжірибе алмасу үшін арт-алаң құрылды. Ұлттық өнерімізді заманға сай ыңғайлап, саудаға шығаруды да көздеп отырмыз. Оның түпкі мақсаты Шығыстағы туризм әлеуетін нығайту, – дейді облыстық Қолөнершілер ресурстық орталығының жетекшісі Райса Мұхамеджанова.
Салтымызды көрсететін бұл байқауда көрермендердің назарына ғажайып кілемдер, киізден жасалған бұйымдар, гобелендер және сәндік-қолданбалы өнердің басқа да үлгілері ұсынылады.
Қолөнер бұйымдарының көрмесіне келген қонақтар бұйымдар мен кілемдердің сапасы мен ерекше дизайнына он бағасын берді. Өскеменде тұңғыш рет өткізіліп жатқан кілемдер фестивалі жыл сайын дәстүрге айналады деген сенімде.
Екі күнге созылған фестивальге 10 өңірдің 27 қолөнер шебері қатысты. Шара соңында қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, жүлделі болғандар арнайы сыйлықтарға ие болады.