Облыста өткен жылы мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті тіркеліп, 1,1 гектар алқап жойылды. Ал келтірілген шығын 320 мың теңгені құрады. Дегенмен, мемлекеттік орман қорғау қызметі мен авиацияның үйлесімді жұмысының арқасында ірі өрттердің алдын алу мүмкін болды. Бұл туралы орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының басшысы Қайрат Мейрембеков Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте мәлімдеді.
Өрттердің негізгі себептерінің бірі – найзағай. Сондықтан бұл мәселеге ерекше назар аудару қажет. Алдын алу жұмыстарымен өткен жылдағыдай авиация мамандары айналысады.Шығыс Қазақстан авиациялық бөлімшелері орман аумақтарын патрульдеу және өрт ошақтарына жедел жету жұмыстарын іске асырады.
Сондай-ақ, орман күзеті мен өрт сөндіру станциясы қызметкерлерінің біліктілігін арттыру көзделген. Биыл білімін жетілдіретін 81 маманның 45-і Шығыс Қазақстан облысынан. Бұдан бөлек, өрт сөндіруге арналған жаңа техника мен құралдарды сатып алу жоспарланған.