«Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 3477 әскери бөлімі 8 наурыз халықаралық әйелдер күнінде соғыс ардагері Анастасия Светочеваны мерекемен құттықтады. Шарада әскери бөлімнің ерлер қауымы аруларға сый-құрмет танытып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Ұлттық ұланның әскери бөліміне арнайы шақыртылған Анастасия Светочева 1922 жылы дүниеге келген. Бүгінде 103 жаста. Ардагер 1942 жылы әскерге шақырылған. Соғыс кезінде Ленинград қаласындағы 26-шы жеке Қызыл Ту байланыс полкінде қызмет етті. Кейін туған жеріне оралған. Ардагер ұландықтарға ақ батасын беріп, шақырғандары үшін алғысын жаудырды.

Мерекелік шара аясында 3477 әскери бөлімінің арулары Ішкі істер Министрінің орынбасары —Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы және бөлім командирінің атынан алғыс хаттармен марапатталды. Әскери бөлімде 18 жыл қатарынан еңбек етіп келе жатқан Жазира Нұрғалиева мерекелік кеш үшін әріптестеріне алғысын білдірді.

Мерекелік шарада кеш қонақтарына ән мен би, түрлі сахналық қойылымдар қойылды. Көгершіндерді ән ырғағына билеткен биші көпшілікті таңғалдырды.

Арулар үшін ұйымдастырылған мерекелік кеш жандана түсті. Барлығы ән ырғағына билеп, шара соңында естелік фотосуретке түсті.