Айтыс - сөз өнері. Өскеменде қара сөздің қарагері Қалихан Ысқақтың 90 жылдық мерейтойына арналған республикалық айтыс өтті. Бұл мәдени шара айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Ашылу салтанатында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев сөз сөйлеп, айтыстың ұлттық құндылықтарды сақтаудағы айрықша рөлін атап өтті.

Облыс орталығында араға он жыл салып қайта ұйымдастырылған айтыс – ұлтымыздың ерекше өнері ретінде сағынған халықтың айызын қандырды. Республиканың түкпір-түкпірінен кіл мықтыларды жинаған айтыс аламанына барлығы 12 ақын қосылды. Олардың ішінде Рүстем Қайыртайұлы, Аспанбек Шұғатаев, Мақсат Ақанов, Біржан Байтуов, Жансая Мусина, Серік Қуанған сынды аузымен құс тістеген жүйріктер бар.

Қазылар алқасының бірауызды шешімімен алты сағатқа созылған жыр бәсекесінің бас жүлдесін Серік Қуанған қанжығасына байлады. Жүлдені Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өзі табыстап, халыққа алғысын білдірді. Ал, жүлделі бірінші орынға Рүстем Қайыртайұлы лайық деп танылса, жүлделі екінші орынды қызылордалық Иранғайып Күзембаев пен павлодарлық Аспанбек Шұғатаев өзара бөлісті.Үшінші орын оралдық Жансая Мусина мен оңтүстіктен келген Біржан Байтуовқа бұйырды.