Халықаралық әйелдер мерекесінде ерлердің дайындығы ерекше болары даусыз. Анасы мен жары, әпке-қарындастарын, әріптес аруларын құттықтау үшін құшақ-құшақ гүл көтерген азаматтарды көп көресіз. Жылына бір рет келетін мейрамда жігіттер гүлді қалай таңдайды, әйелдер қауымы не күтеді? Әріптесім Дильназ Еркінбекованың материалында.

 «Ер азаматтардың жомарттығы сынға түсетін мерекеге қазақстандықтар қанша қаржы жұмсайды?» Бұл сұрақ бәріне қызық. Әзірге бұл сауалдың нақты жауабын беретін есептеу жүйесі жоқ. Дегенмен, қала тұрғындары 8 наурызға қандай сыйлық алатынын біліп көрдік.

Халық үшін Халықаралық әйелдер күнінің орны бөлек. Статистикаға сәйкес, өңір тұрғындары негізінен әйелдерге тәттілер мен гүл сыйлайды екен. Дәл осы мерекеде гүлдің саудасы қызу. Әсіресе, қызғалдақ, раушан, бәйшешек гүлдеріне сұраныс жоғары, дейді кәсіпкерлер.

Биыл қаңтар соңында елде өсімдіктер мен гүл бағасы бірден 8,2% қымбаттаған. Танымал раушан гүлдері наурыз айында елдің ауыл шаруашылығы базарларында бір данасы орташа есеппен 1000 теңгеден сатылған.