Өңірге ҚР Спорт және туризм министрі Ербол Мырзабосынов іссапармен келді. Министр шығыстағы спорттық және туристік инфрақұрылымның дамуын бағалап, тұрғындармен есеп беру кездесуін өткізді. Бұл жиынға қоғам белсенділері, спортшылар, БАҚ өкілдері және туризм саласының мамандары қатысты. Басқосуда министр биылғы атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы жоспарлармен бөлісті.
Ерекше назар аударылған мәселелердің бірі – өңірдегі спорт инфрақұрылымын дамыту. Биыл Тарбағатай ауданының Тұғыл ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Сонымен қатар, Күршім, Ұлан, және Катонқарағай аудандарының бірнеше ауылында осындай кешендер салынып жатыр. Министрдің айтуынша, бұл нысандар ауыл тұрғындарын спортпен шұғылдануға ынталандырып, олардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерін жан басына қаржыландыру жүйесін енгізу жоспарланып жатқанын мәлімдеді. Бұл реформа 2025 жылы пилоттық жоба ретінде іске қосылады.
Туризм саласына қатысты да оң өзгерістер байқалады. Облыста туризмге салынған инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 23%-ға артқан. Өңірдегі тарихи-мәдени мұра және табиғи көрікті жерлер елімізде ғана емес, шетелде де танымалдылыққа ие болуда. Катонқарағай және Зайсан аудандарында әуежай салу жоспарлануда. Бұл туристік тартымдылықты арттырып, шекара маңындағы аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпал етеді.
Тұрғындар министрге өз сұрақтарын қойып, көкейкесті мәселелерін жеткізді. Әсіресе, ардагерлер спорт кеңесінің жұмысын реттеу, бұқаралық спортты дамыту және инфрақұрылым мәселелерін шешуге көмек сұрады. Министр барлық көтерілген мәселелер назардан тыс қалмайтынын және әр ұсыныс мұқият қарастырылатынын атап өтті.