Жаңа жылдың алғашқы бес күнінде Шығыс Қазақстан облысының құқық қорғау органдары мас күйінде көлік басқарған 23 жүргізушіні ұстаған. Бұған дейін де осындай әрекеттері үшін бірнеше азамат жауапкершілікке тартылып, олардың көліктері тәркіленген болатын. Мәселен, Предгорное ауылында ер адам Жаңа жыл мерекесімен сүйіктісін құттықтау үшін масаң күйде рөлге отырған.Осыған ұқсас жағдай Серебрянск кентінде де тіркелген. Онда жүргізуші жұбайымен ұрсысып қалып, кейіннен масаң күйінде көлік тізгіндеген.

Дәл сондай, үшінші жағдай Өскемен тасжолында орын алған. Онда туыстарына бара жатқан мас жүргізуші рөлге ие бола алмай, көлігімен жол жиегіне ұшып кетіп, оған көмекке полиция қызметкерлері келген.

Аймақтағы Полиция департаменті өңір тұрғындарын көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 15 тәулікке қамауға алу және 7 жылға жүргізуші куәлігінен айыру түріндегі жаза қарастырылғанын ескертеді. Ал жасалған ескертулерге қарамастан, заң бұзушылықты қайталағаны үшін жүргізуші куәлігінен өмір бойына айыру және 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады